М.Матаев атындағы №170 мектепте Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті.
Көшпелі комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасары Даурен Тлеумбетов, аудандық прокуратураның прокуроры Еркебұлан Қанатбек, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғанибек Құрманалиев, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.
Комиссияның күн тәртібінде М.Матаев атындағы №170 мектепте оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы міндеттер, Қазалы ауданында кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық профилактикасы, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар туралы, білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар мен оқушылардың қауіпсіздігін сақтау туралы мәселелер қаралды.
Жиын барысында комиссия мүшелері күн тәртібінде қозғалған мәселелерді талқылап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Комиссия төрағасы Даурен Оңғарбайұлы комиссияда қаралған мәселелердің бүгінгі таңдағы өзектілігі өте жоғары екендігін жеткізіп, балалардың қауіпсіздігі үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар, комиссиядағы көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
