«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Kyzylorda Hub» және «Shik» жарнамалық агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылған «AMANAT IDEATHON» хакатоны өз мәресіне жетті.
Байқауға Астана қаласы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан 200-ге жуық жас зияткер қатысып, 100-ге жуық жоба ұсынылды.
Қатысушылар тұрғын үй басқару жүйесінің ашықтығын арттыру, «ақылды» қалалық шешімдерді енгізу, цифрлық денсаулық сақтау саласындағы инновациялық сервистерді дамыту, құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, инклюзивті білім беру мен цифрлық кәсіптік бағдарлау платформаларын әзірлеу, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды күшейтіп, еріктілер мен көмекке мұқтаж азаматтарды байланыстыратын цифрлық шешімдер ұсыну бағыттары бойынша өзара сынға түсті.
Осы бағыттар бойынша оза шапқан дарынды жастардың бірі – Сырдария ауданы №35 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Мұхамеджанова Көркем Жандосқызы. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын жеңіп алды.
Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ағылшын тілін ойын арқылы үйретуге арналған «Qozy» мобильді қосымшасын ұсынған Жолдасбек Мадибек пен Ерасыл Сарыбаев 1 миллион теңге жүлдеге ие болды.
Іс –шара барысында ең жас қатысушы және Ақтөбе облысынан келген команда мүшелері де арнайы естелік сыйлықтармен марапатталды.
