АУДАН ӘКІМІ БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан орталығындағы бірқатар мемлекеттік балабақшаларды аралап, олардың жұмыс барысын зерделеді.

Алдымен №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасына барған аудан басшысы мекеменің материалдық-техникалық базасын, топтардың жабдықталуын және тәрбие үдерісін көрді. 280 орынға арналған 12 топта 74 қызметкер еңбек ететін балабақшада бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына бағытталған түрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Сонымен қатар мұнда «Жасыл балабақша» бағыты аясында экологиялық тәрбие жүйелі жолға қойылған.

Одан кейін №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасына барып, балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған емдеу-сауықтыру шараларымен танысты. 120 бала тәрбиеленетін мекемеде медициналық бақылаудағы бүлдіршіндерге кешенді қолдау көрсетіледі. 1986 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан нысанға соңғы рет 2016 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.

Сондай-ақ аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі №4 «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасында болып, білім беру мен тәрбие сапасына назар аударды. Қазіргі таңда 140 бала тәрбиеленіп жатқан мекемеде балалардың қауіпсіздігі мен жайлы орта қамтамасыз етілген. Мұнда 46 қызметкер еңбек етеді.

Аралау қорытындысында аудан басшысы жауапты сала өкілдеріне мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне баса мән беру, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны үнемі жетілдіру қажеттігін тапсырды.

БӨЛІСУ