Коммуналдық сала қызметкерлері тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолында аянбай еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлес қосып келеді. Уақытпен санаспай, кез келген жағдайда өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген сала мамандарының еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов сала қызметкерлерімен кездесіп, бірқатар мамандарды марапаттады. Салтанатты жиында үздік қызметкерлерге шаһар басшысының «Алғыс хаттары» табысталды.
Кездесу барысында Арнұр Әлібекұлы коммуналдық сала мамандарының қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.
– Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету – елдігіміздің айқын көрінісі. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, төтенше жағдайларда да алдыңғы шептен табылатын сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Жауапкершілігі жоғары қызметтеріңізге табыс пен толағай жетістік тілеймін, – деді ол.
Шара соңында марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдірді.