Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылдық округінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Соның айқын дәлелі – бекіре тұқымды балық өсірумен айналысып отырған «Хан Бекіре 11» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы.
Кооператив иесі, жергілікті кәсіпкер Ғалым Нағиев бұл жобаны өткен жылы қолға алған. Ол ауыл аумағынан арнайы нысан салып, заманауи талаптарға сай бекіре шаруашылығын дамытуды мақсат еткен. Бүгінде кәсіпкердің бастамасы нақты нәтижесін беріп отыр.
Шаруашылықта балық өсіру үшін тереңдігі 50 метрді құрайтын жерасты ұңғымасы қазылған. Сол ұңғымадан алынатын су арнайы сүзгілерден өткізіліп, балық өсіруге қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда бекіре тұқымдас балықтар арнайы дайындалған бассейндерде өсірілуде. Ал олардың шабақтары бөлек резервуарларда сақталып, күтіп-бапталуда.
Жобаны іске асыру мақсатында кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 31 480 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Бұл қаражатқа нысанның инфрақұрылымы толық қамтамасыз етіліп, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Айта кету керек, бекіре шаруашылығы – табысты әрі болашағы зор бағыттардың бірі. Мұндай жобалар өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта кооператив өнім көлемін арттырып, нарыққа сапалы балық өнімдерін ұсынуды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде Қызылорда өңірінде балық шаруашылығының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
