Бүгін облыстық мәслихат депутаттары С.Мұстафа мен Д.Жұмбеков бастаған жұмыс тобының жұмыс сапары Шиелі ауданында жалғасын тапты. Жұмыс тобының құрамында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ тиісті сала мамандары болып, өңірдегі спорт саласының даму барысымен жан-жақты танысты.
Іссапардың негізгі мақсаты – аудандағы спорт инфрақұрылымының жағдайын зерделеу, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін бағалау және салада қордаланған мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру болды.
Сапар барысында депутаттар аудандық спорт саласына жауапты мекеме басшысымен, спорт клубтарының және балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жетекшілерімен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында саладағы өзекті мәселелер мен алдағы даму бағыттары кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту, қолданыстағы ғимараттардың әлеуетін арттыру, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, бұқаралық және жасөспірімдер спортын дамыту, ауылдық жерлерде спортқа қолжетімділікті арттыру, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Депутаттар ауылдық елді мекендерде спорт алаңдарын көбейту, жастарды спортқа тарту, дарынды спортшыларды қолдау және жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселелерін де күн тәртібіне қойды. Бұл бағыттағы ұсыныс-пікірлер тыңдалып, оларды жүйелі түрде іске асыру қажеттігі атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша сала өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстар мен мәселелер алдағы уақытта облыстық мәслихаттың тұрақты бақылауында болатыны жеткізілді. Жұмыс сапары өңірдегі спорт саласын дамытуға серпін беріп, нақты шешімдер қабылдауға негіз болмақ.