Бүгін облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, облыстық мәслихат депутаты С.Мұстафа бастаған жұмыс тобы Жаңақорған ауданына арнайы іссапармен барды. Жұмыс тобының құрамында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ сала мамандары болды.
Іссапардың негізгі мақсаты – өңірдегі спорт саласының дамуына серпін беру, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру және елді мекендердегі спорт нысандарының бүгінгі жай-күйімен жан-жақты танысу.
Сапар барысында халық қалаулылары аудандық спорт бөлімінің басшысымен, спорт клубтарының және балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жетекшілерімен кездесті. Кездесу аясында аудандағы спорт инфрақұрылымының қазіргі жағдайы, қолданыстағы нысандардың мүмкіндіктері мен олардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар, депутаттар бұқаралық спортты дамыту, ауылдық елді мекендерде спорт үйірмелерін көбейту, жасөспірімдер арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру, дарынды спортшыларды қолдау және олардың кәсіби деңгейде шыңдалуына жағдай жасау бағытындағы ұсыныстарды тыңдады. Спорт мектептеріндегі жаттықтырушылар құрамының әлеуетін арттыру, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады.
Жұмыс тобы бірқатар спорт нысандарын аралап, олардың техникалық жағдайын көзбен көріп, қажеттіліктерін саралады. Кейбір нысандарда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ал жаңадан салынып жатқан кешендердің құрылыс қарқынын күшейту қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер алдағы уақытта тиісті деңгейде қаралып, нақты шешімдер қабылдау үшін ұсыныстар әзірленетін болды. Мұндай жұмыс сапарлары өзге де аудандарда жалғасын тауып, өңірдегі спорт саласын жүйелі түрде дамытуға ықпал етпек.