БЕКАРЫСТАН БИ, МАЙДАКӨЛ ЖӘНЕ Ү.ТҮКТІБАЕВ АУЫЛДАРЫ ГАЗМЕН ҚАМТЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, әсіресе ауылдық елді мекендерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ауданда инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Сол игі бастамалардың бірі – Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстарының басталуы. Аталған жобаға орай Бекарыстан би ауылында салтанатты шара ұйымдастырылып, тұрғындар көптен күткен қуанышты сәттің куәсі болды.

Шара барысында ауыл халқын құттықтап, көгілдір отынның тұрмысқа тигізер пайдасы атап өтілді. Газдандыру – тек отын көзі ғана емес, ол халықтың өмірін жеңілдетіп, экологиялық ахуалды жақсартуға, уақытты үнемдеуге және жалпы өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылға аудан бойынша Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарын газдандыруға республикалық бюджеттен 680 млн теңге бөлінді. Жоба толық іске асқаннан кейін үш ауылдағы 1000-ға жуық тұрғын үй мен 16 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылады. Нәтижесінде 5500-ден астам тұрғын табиғи газ игілігін пайдаланады.

Жалпы, жыл соңына дейін ауданның газбен қамтылу деңгейін 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Салтанатты жиында Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, Ақжона ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шынтас Жадиев тұрғындарды құттықтап, ауыл ақсақалы Болат Сәдуов батасын берді.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асырушы мердігер – «AsiaStroy KZ» ЖШС. Жауапты мамандармен кездесуде құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажеттігі тапсырылды.

БӨЛІСУ