Қазалы ауданында балық шаруашылығы қайта түлеп келеді. Соның жарқын дәлелі – Басықара ауылындағы ірі жобалардың бірі. Соңғы жылдары өңірде тоған шаруашылығына қызығушылық артып, нақты нәтижелер көріне бастады.
2024 жылы «Арал Рыбторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы аумағы 464 гектарды құрайтын балық өсіру кешенін іске қосқан болатын. Бұл – аймақ үшін маңызды әрі ауқымды бастама.
Өткен жылдың қазан айында шаруашылық тоғандарына 360 мың дана балық тұқымы жіберілген. Бүгінде сол шабақтар өсіп, қыстық тоғандардан жаздық тоғандарға кезең-кезеңімен көшірілуде.
Бұл жұмыстарды арнайы іссапармен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев та бақылап, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Шаруашылық жетекшісі Қуаныш Өмірзақовтың айтуынша, алдағы күзде 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Негізгі мақсат – ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып, жергілікті тұрғындарға қолжетімді ету.
Қазір 4 жаздық тоғанның екеуіне балық жіберіліп үлгерген. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая түспек.
Кәсіпкердің жоспары мұнымен шектелмейді. 2027 жылға қарай қосымша тоғандар іске қосылып, 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Бұл ауыл экономикасына серпін беретін маңызды қадам.
Жобаның жалпы құны – 650 млн теңге. Оның:
- 308 млн теңгесі кәсіпкердің өз қаражаты болса,
- 342 млн теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыруға ұсынылған.
Бұл бастама – өңірде балық шаруашылығын дамытуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға және ауыл шаруашылығының әлеуетін күшейтуге бағытталған нақты қадам.
Басықарадағы бұл қарқын сақталса, Сыр өңірі алдағы жылдары балық өндірісі бойынша алдыңғы қатардан көрінуі әбден мүмкін.