Бүгін облыстық мәслихат төрағасының тапсырмасына сәйкес, мәслихаттың жұмыс жоспары аясында облыстық мәслихат депутаттары Қызылорда қаласындағы бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралады. Негізгі мақсат – республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының тиімді игерілуін бақылау және салынып жатқан нысандардың сапасымен танысу.
Депутаттар алдымен «Қызылорда қаласының Президент саябағын қайта жаңғырту» жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Қазіргі таңда ауқымды жоба жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Бүгінде саябақ бөлігінің құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып, заманауи инфрақұрылым қалыптасуда. Шолу дөңгелегі іске қосылып, демалыс орындары, аттракциондар, жарықтандыру және жасылдандыру жұмыстары толық аяқталуға жақын. Субұрқақтар да саябақтың көркін арттыра түсуде.
Ал ботаникалық саябақ пен балалар лагерінің құрылысы кезең-кезеңімен жалғасуда. 300 орынға арналған лагерь заманауи талаптарға сай салынып, балалар мен жасөспірімдердің демалысы мен дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Одан соң, депутаттар халық игілігіне бағытталған ірі жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысымен танысты. 2025 жылдың шілде айында басталған жоба аясында жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кешен бой көтеруде. Үш және төрт қабатты блоктардан тұратын нысанда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, 2500 орындық әмбебап зал және түрлі спорт түрлеріне арналған жаттығу алаңдары қарастырылған.
Аталған кешен – өңірде спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық маңызы бар жоба. Оның іске асуы халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, спортшылардың кәсіби дайындығын жетілдіруге, жастарды спортқа баулуға және салауатты өмір салтын насихаттауға серпін береді.
Жалпы, бұл жобалар өңірдің дамуына оң әсерін тигізіп, қаланы көркейтуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және халыққа жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ