Қызылорда облысында «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Қазіргі таңда өңірде алкоголь өнімдерін тұтыну мен сатудан толықтай бас тартқан 37 елді мекен тіркелген.
Бұл бастама тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізуде.
Жалағаш ауданында игі бастамаға 13 ауыл қосылды. Атап айтқанда, Таң, Еңбек, Есет батыр, Т. Жүргенов, Жаңаталап, Мырзабай ахун, Шәменов, Аққұм, Ақсу, Аққыр, Бұқарбай батыр, Жаңадария және Қаракеткен елді мекендерінің тұрғындары алкогольден толық бас тарту туралы ортақ шешім қабылдаған.
Аталған шешім жергілікті қауымдастық, Ақсақалдар кеңесі және құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен кездесулер барысында қабылданды. Жиындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Бастама «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылуда.
Ауыл кәсіпкерлері тұрғындардың ортақ шешімін қолдап, сауда орындарында алкоголь өнімдерін сатуды тоқтатқан. Бұл қадам ауылдағы тыныштықты сақтауға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған.
Учаскелік полиция инспекторларының айтуынша, мұндай бастамалар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Тәжірибе көрсеткендей, алкогольден бас тартқан ауылдарда құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық жанжалдар айтарлықтай азаяды.
Қазіргі таңда Жалағаш ауданындағы бірқатар ауылдық округтерде қылмыс тіркелмеген. Бұл – тұрғындардың ауызбіршілігі мен саналы таңдауының нақты нәтижесі.
Жалпы, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы – қоғамның жауапкершілігі мен бірлігін айқындайтын маңызды қадам. Мұндай игі істер өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады.