МАЛАЙЗИЯЛЫҚ ТУРИСТ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙГЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Малайзиялық турист қазақстандық полицейге алғыс білдірді: әсерлі видео желіде тарады.

Қызылорда қаласында патрульдік полиция қызметкері, полиция лейтенанты Мұрат Шыңғысхан шетелдік туристке көмек көрсетіп, қазақтың қонақжайлылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Облыс орталығын аралап жүрген Малайзия азаматына ағылшын тілін еркін меңгерген полицей бағыт-бағдар сілтеп, қаладағы маңызды орындар туралы толық ақпарат берген. Бейтаныс ортада көрсетілген бұл қолдау турист үшін үлкен көмек болды.

Белгілі болғандай, саяхатшы Қызылордаға Алматы қаласынан раритет көлікпен жеткен. Ол сапарын әрі қарай Ресей мен Грузия елдерінде жалғастыруды жоспарлап отыр. Экологиялық акция аясында әлем елдерін аралап жүрген туристің басты мақсаты – ағаш отырғызу арқылы табиғатты қорғауға үлес қосу. Қызылордаға келудегі ниеті де – қаланы көгалдандыруға атсалысу.

Шетелдік қонақ өзіне көмек көрсеткен полиция қызметкеріне шынайы алғысын білдіріп, Қазақстан халқының кеңпейілділігі мен мәдениетіне жоғары баға берген. Бұл сәт бейнеленген видео әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Аталған жағдай құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тек қызметтік міндеттерін атқарып қана қоймай, қала қонақтарына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін аңғартады. Мұндай ізгі әрекеттер еліміздің халықаралық беделін арттырып, Қазақстанның жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.

БӨЛІСУ