СЫРДАРИЯДАҒЫ СУ ДЕҢГЕЙІ БАҚЫЛАУДА

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сала мамандары өңірдегі гидрологиялық жағдайға қатысты ақпарат беріп, су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейі тұрақты бақылауда. Тиісті мекемелер тәулік бойы мониторинг жүргізуде.

Қызылорда облысындағы су тасқынына негізгі әсер ететін – Сырдария өзені. Өзен бойында стратегиялық маңызы бар Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары орналасқан. Қазіргі уақытта облыс аумағына секундына 178 м³ су келуде.

«Қызылорда су торабынан 150 м³/сек, Әйтек су торабынан 110 м³/сек, Қараөзек арнасы арқылы 30 м³/сек су жіберілуде. Ал Қазалы су торабынан 95 м³/сек, Ақлақ су торабынан 70 м³/сек су Кіші Арал теңізіне бағытталуда.

Күннің жылынуына байланысты өзеннің оңтүстік және орталық бөліктері мұздан толық тазарып, Қызылорда және Сырдария аудандарында өзен арнасы ашылды. Қазіргі таңда су тораптары реттеліп, Жаңадария, Жаңаарық және өзге де каналдарға көлдер жүйесі мен жайылымдарды суландыру үшін су жіберілуде.

Ал Қазалы және Ақлақ су тораптары маңында өзен толық ашылмағандықтан, олар транзиттік режимде жұмыс істеуде. Мұз жүру кезеңінде кептелістердің алдын алу үшін Қазалы су торабында арнайы драглайн техникасы кезекшілікке қойылды», – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.

Сондай-ақ стратегиялық маңызы бар су тораптарының жұмысы тұрақты бақылауда. Қажет болған жағдайда суды реттеу және қауіптің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданады.

«Қазіргі таңда Шардара су қоймасына 5009 млн м³ су жиналған. Қоймаға секундына 1176,4 м³ су түсіп, төменгі ағысқа 600 м³/сек көлемінде жіберілуде. Сонымен қатар Көксарай су реттегішіне де су қабылдануда.

Сырдария арқылы келетін су көлемінің Қызылорда су торабына жетуі шамамен 12–13 тәулік, ал Қазалы су торабына 21–22 тәулік уақыт алады. Осыған байланысты қазіргі жағдайда көктемгі су тасқыны қаупі жоқ. Жалпы облыс аумағындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақты және тәулік бойы бақылауда», – деді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Сейітқасым Әбуов.

БӨЛІСУ