2026 жылғы 19 наурыз – 1 сәуір аралығында елімізде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыттағы қорытынды (IV) кезеңі өтуде. Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылардың білім деңгейі сыналатын маңызды алаң.
Қостанай қаласында өткен информатика және математика пәндері бойынша білім додасына Қызылорда өңірінен 15 оқушы қатысып, өз білімдерін жоғары деңгейде көрсетті. Ал Астана қаласында ұйымдастырылған физика және биология пәндері бойынша олимпиадада 14 оқушы бақ сынап, лайықты нәтижелерге қол жеткізді.
9–11 (12) сынып оқушылары арасында өткен бұл байрақты бәсекеде Сыр өңірінің жас зияткерлері үздіктер қатарынан көрініп, өңір абыройын асқақтатты. Бұл жетістік – жүйелі білім беру ісінің, ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың қолдауының нақты жемісі.
Сондай-ақ, 27 наурыз – 1 сәуір аралығында Алматы қаласында өтетін география және химия пәндері бойынша республикалық олимпиадаға қатысатын оқушыларға сәттілік тілейміз!