ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАЛҒАН АНЫҚТАМА ЖАСАҒАН ДӘРІГЕР МЕН ОНЫ ПАЙДАЛАНҒАН ШЕНЕУНІК СОТТАЛДЫ

Қызылорда облысында заңды белден басқан қос тұлға – дәрігер мен мемлекеттік қызметші – сот алдында жауап берді. Жалған құжат арқылы жауапкершіліктен жалтармақ болған әрекет ақыры қылмыспен аяқталды.

Оқиға Сырдария ауданында болған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынған. Алайда ол бұл жағдайды жасырып, жұмысқа келмеген күндерін «заңдастыру» үшін жалған еңбекке жарамсыздық парағын басшылыққа ұсынған.

Тексеру барысында бұл құжаттың қолдан жасалғаны әшкереленді. Тергеу дерегіне сәйкес, жалған анықтаманы Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындап берген.

Прокуратураның мәліметінше, сот дәрігерді Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал жалған құжатты пайдаланған шенеунік осы баптың 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады.

Бұл жағдай – жалғандықтың жазасыз қалмайтынын тағы бір дәлелдеді. Қызметтік мансапты сақтап қалу үшін заңды айналып өтпек болған әрекет ақыры абыройдан айырды.

БӨЛІСУ