“Бүгін Ақордада өткен Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Мәуленұлы Ниязовты «Құрмет» орденімен марапаттады.
Бұл «Сыр елі – жыр елі» атанған өңіріміздің алтын діңгегіне айналған мәдениет пен өнер саласына берілген жоғары баға деп білемін.
Қазақ руханиятының биікке өрлеуіне, халқымыздың асыл мұрасы айтыстың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Мұхтар Мәуленұлын халқымыз қайраткер тұлға, парасатты азамат ретінде ерекше құрметтейді.
Айтыстағы қайырымдары, ұтқыр жауаптары тыңдарман көңіліне орныққан. Республикалық өнер жарыстарының жеңімпазы, айтыс аламанының ақтаңгері атанып, Сыр өңірінің мәртебесін асқақтатып келеді.
Айтыскер ақынның басшылығымен Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры жоғары жетістіктерге жетіп, көрерменнің талғамына сай өнер ордасына айналды.
Халықаралық, республикалық театр фестивальдерінің бас жүлдесін иеленді.
Сөз додасында оза шапқан, жеңіс тұғырынан түспеген Мұхтар Мәуленұлына алдағы уақытта да рухани құндылықтарымызды жаңғырта беруіне тілектеспін!
Аймағымыздың өнер керуенін алға апарар ақтаңгерлер аман болғай,-“ деді Нұрлыбек Машбекұлы.