Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға – Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум өз мәресіне жетті. Ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар бұл тарихи сәтте белсенділік танытып, өз таңдауын жасады.
“Еуразиялық интеграция институты” зерттеу компаниясы жүргізген экзит-пол нәтижелеріне сәйкес, референдумға қатысқан азаматтардың 86,7 пайызы ұсынылған конституциялық өзгерістерді қолдаған. Бұл – халықтың басым бөлігінің жаңа бастамаларды қолдайтынын және елдің дамуына бағытталған реформаларға сенім білдіргенін көрсетеді.
Ал жалпы ел бойынша референдумға қатысу деңгейі 75,3 пайызды құрады. Яғни әрбір төртінші азамат емес, керісінше халықтың басым бөлігі саяси науқаннан тыс қалмай, мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімге өз үлесін қосты.
Бұл ретте Қызылорда облысының тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Өңір халқының 93,04 пайызы дауыс беріп, республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш Сыр жұртшылығының ел болашағына деген жауапкершілігі жоғары екенін, қоғамдық-саяси процестерге белсенді араласатынын айқын аңғартады.
Сыр өңірінде референдум күні барлық сайлау учаскелері қалыпты жағдайда жұмыс істеп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Әсіресе жастар, еңбек ардагерлері мен алғаш рет дауыс берушілердің белсенділігі байқалды. Көптеген учаскелерде мерекелік көңіл-күй қалыптасып, тұрғындар өз таңдауын жасап, елдің келешегіне бейжай қарамайтынын көрсетті.
Референдум – халықтың пікірін білдіретін ең маңызды демократиялық құралдардың бірі. Сондықтан бұл науқан азаматтардың саяси мәдениеті мен белсенділігінің де айқын көрінісі болды. Халықтың басым бөлігінің ұсынылған өзгерістерді қолдауы қоғамның жаңғыруға, тұрақты даму мен жаңа кезеңге қадам басуға дайын екенін аңғартады.