Ақмола облысы Жібек жолы ауылында адам шошырлық қылмыс тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бір отбасының үш мүшесі – анасы, әкесі және қарындасы қаза тапқан. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта күдікті ретінде отбасының ұлы аталып отыр. Кейбір жазбаларда мәйіттердің үй аумағынан табылғаны туралы да айтылған.
Алайда құқық қорғау органдары тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кісі өлтіру фактісі бойынша күдікті жедел түрде анықталып, ұсталған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
– Кісі өлтіру фактісі бойынша күдікті ұсталды. Іс басшылықтың бақылауында, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға күдіктінің психикалық жағдайы себеп болуы мүмкін деген нұсқа қарастырылып жатыр. Дегенмен, бұл ақпарат әзірге ресми қорытынды емес, тергеу барысында нақты мән-жай анықталады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді. Құқық қорғау органдары жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.