Қызылордада береке мен бірлікті ту еткен тағы бір елді мекен ішімдіктен түбегейлі бас тартты. Арал ауданындағы Мергенсай ауылдық округінің тұрғындары ақсақалдар кеңесі, әкімдік және учаскелік полиция инспекторының бастамасын бірауыздан қолдап, салауатты өмір салтын таңдады.
Қабылданған ортақ шешімнің нәтижесінде соңғы 3 жыл ішінде ауылда бірде бір қылмыс тіркелмеген. Мал ұрлығы мен өзге де құқық бұзушылықтар толықтай тоқтатылған. Бұл – халық пен полицияның өзара сенімге негізделген жүйелі жұмысының нақты жемісі.
Арал ауданы орталығынан 64 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылдық округте бүгінде 118 шаңырақ тату-тәтті тіршілік кешуде. Тұрғындар бау-бақша өсіріп, төрт түлік бағып, балық шаруашылығын дамытып отыр. Елді мекендегі сауда орындары алкоголь өнімдерін сатуды толықтай тоқтатқан.
Аталған бастама аясында Арал ауданы бойынша ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 10-ға жетті.
Мергенсайлықтардың бұл бастамасы – «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты жүзеге асуының жарқын көрінісі.