Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің 50 жылдық мерейтойына арналған апталықтың қорытынды салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, білім ордасының жарты ғасырлық жетістіктері мен тағылымды тарихын айшықтаған рухани кеш өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, Жалағаш аудандық Мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, мектептің алғашқы директоры Рысалды Ақмолдаева, алғашқы ұстаз Жәмиля Алиева, сондай-ақ бұрынғы мектеп директорлары мен оқу ісі меңгерушілері, ардагер ұстаздар және 1979 жылдан бергі түрлі буын түлектер қатысты.
Жиын барысында мектептің ардагер ұстазы, «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирман Дина Нұржанқызының мектеп тарихынан сыр шертетін «Жарты ғасырлық жылнама» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітап – мектептің өткені мен бүгінін сабақтастырып, ұрпақтар үндестігін айғақтайтын құнды еңбек.
Әлемнің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген мектеп түлектері мерейтойға орай арнайы бейнеқұттықтаулар жолдап, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Бұл – түлектер мен оқу орны арасындағы алтын арқаудың үзілмегенін дәлелдеген ерекше сәт болды.
Мерейтой аясында мектептің дамуына қолдау көрсеткен, жылы лебіз білдірген барша түлектер мен қадірлі қонақтарға Білім бөлімі атынан алғыс айтылды.