Ауданда ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменов атындағы дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды.
Республикалық турнирдің ашылу салтанатына қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің қызы, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы», Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Балжан Мөрәліқызы, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан әкімінің орынбасары Әнуәрбек Дәрмағамбетов, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының №14 Жалағаш ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, турнирдің бас төрешісі Аян Асылбек қатысып, қоғам қайраткерінің еңбек жолына тоқталып, жас спортшыларға жарыста сәттілік тіледі.
Турнирдің ашылуы барысында республиканың әр өңірінен келген спортшылар көк туымызға қарап бой түзеп, мемлекеттік гимнді орынды. Мұнан соң, салмақ дәрежесіне қарай жасөспірімдер боз кілемде сынға түсті.
Айта кетейік, бірнеше күнге созылатын республикалық турнир барысында 250 жас спортшы бас сынасатын болады.
©️Қоғамдық даму бөлімінің баспасөз қызметі