ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ

“AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Отырысқа комиссия мүшелері, жауапты бөлім басшылары мен сала мамандары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды.

Алдымен тұрғындар арасында ерекше алаңдаушылық тудырып отырған сұйытылған газ мәселесі қаралды. Комиссия мүшелері күн тәртібінің алғашқы бөлігінде аудан аумағында газ қорын қамтамасыз ету, оның үздіксіз жеткізілуі және шекті бағаны тұрақты деңгейде ұстау бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін талқылады. Хабарламашылар сұйытылған газдың тұтынушыларға жеткізілу тізбегі, тасымалдаушы компаниялармен жасалған келісімдер, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында жүргізіліп жатқан бақылау шаралары туралы кеңінен мәлімет ұсынды. Комиссия мүшелері газ тапшылығына жол бермеу, халық сұранысын уақтылы қанағаттандыру және баға тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Одан кейін Арал ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры мен олардың шекті бағаларын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Бұл мәселе бойынша Арал аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі және аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі бірлескен хабарлама жасады. Хабарламашылар күнделікті жүргізілетін мониторинг нәтижелерін, азық-түлік қорларының жеткіліктілігін, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шараларды тілге тиек етті. Комиссия мүшелері базарлар мен сауда нүктелеріндегі баға саясатын бақылаудың маңыздылығын атап өтіп, сала басшыларына бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Келесі мәселе ретінде автомобиль жолдары құрылыстарының III-тоқсандық іске асырылу барысы қаралды. Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебі тыңдалып, жол жөндеу жұмыстарының орындалу мерзімдері, қаржыландыру көлемі және сапалық талаптарға сәйкестігі туралы толық ақпарат берілді. Комиссия мүшелері жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейту, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және құрылыс сапасын бақылауды қатаңдату қажеттілігін атап өтті.

Отырыс қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Партиялық бақылау комиссиясы өз тарапынан халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін салаларда жүйелі бақылау жүргізуді жалғастыратынын, барлық жұмыстардың ашық әрі тиімді орындалуы тұрақты назарда болатынын жеткізді.

БӨЛІСУ