МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТЕННИС ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Үстел теннисі орталығына барды.

Мемлекет басшысы Қызылорда қаласындағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді.

Кешенді салуға облыс бюджетін оңтайландыру барысында үнемделген қаражат есебінен 2,5 миллиард теңге қаралып, құрылыс былтыр қазан айында аяқталды. Сондай-ақ «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 миллион теңге қаржы бөлді.

Заманауи үлгіде салынған орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 52 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде онда 280 бала үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданады.
Жалпы Қызылорда қаласында құны 26,5 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді. Ол жыл бойы жұмыс істейді. Стадион олимпиадалық спорт түрлеріне арналған 7 залмен қамтылған. Нақты айтатын болсақ, бокс залы, күрестің үш түріне арналған дзюдо, грек-рим, еркін күрес залы, фитнес залы, спорттық гимнастика, тхэквондо және ауыр атлетика залдары бар.

Биыл облыс орталығында құны 20,5 млрд теңгені құраған көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы басталды. Ол толықтай халықаралық талаптарға сай салынады. Болашақта мұнда әлемдік деңгейдегі додалар өткізуге болады. Ол 2026 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп көзделуде.

Сондай-ақ өңірде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен құны 3 млрд теңгені құрайтын аумағы 3 мың шаршы метрге тең мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының құрылысы аяқталды. Бұл нысан жақын арада ашылмақ. Айта кетерлігі, аймақта 256 мүмкіндігі шектеулі спортшы бар. Олар осы клубта келесі Паралимпиада ойындарына дайындалуға мүмкіндік алады.

БӨЛІСУ