ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫНЫҢ БІРІ

Халықты баспанамен қамту — мемлекет үшін қашан да басым бағыттардың бірі.

​Жыл басында аймақ басшысының қатысуымен 2,2 млрд. теңгеге салынған 150 пәтерге тұрғындар қоныстанды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып, 2 пәтерлі 30 тұрғын үй салу жұмыстары қарқынды жүруде.

​ Өңірдегі құндылықтардың қара шаңырағына айналар мәдени нысандардың бірі «Руханият» орталығы аймақ басшысының тікелей қолдауымен 1,7 млрд. теңгеге салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

​Ғимаратқа аудандық орталық және балалар кітапханалары, аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық архив филиалы, хал актілерін тіркеу бөлімі, жастар ресурстық орталығы, үкіметтік емес ұйымдар орналастырылды.

​Экономиканың күре тамырына айналған темір жол арқылы елге келетін азаматтар ең алдымен Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі темір жол бекеттеріне табан тірейді. Бұл екі нысан ауданның бас қақпасы саналғандықтан олардың көркі келісті болғаны маңызды. Қазіргі таңда осы вокзалдардың орнына жаңа ғимараттар бой көтеруде.

​Бүгінде аудан халқының 71,2 пайызы газбен қамтылған. Оның ішінде, биыл Арал қаласындағы №4 мөлтек ауданы және Сексеуіл кентімен Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды.

​Осы жылдың айшықты істерінің бірі құны 6,3 млрд. теңге болатын Қамыстыбас елді мекеніндегі автоматты газ тарату стансасы құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде Қамыстыбас ауылына кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысы басталды.

​Бұл  автоматты газ тарату стансасы арқылы алдағы уақытта Сыр беткейдегі ауылдарды кезең-кезеңімен көгілдір отынға қосуға мүмкіндік туады.

​​Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында Аралға қатысты екі жағымды жаңалық жеткізді. Соның бірі – Кіші Арал теңізін сақтап қалу мәселесі болса, екіншісі «Сексеуіл-Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын бастауды жеделдету керектігін тапсырды.

​Бұл жоба біздің өңірімізге де үлкен серпін беріп, аудандағы Сексеуіл кенті мен Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендеріне жол қатынасы жеңілдеп, тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтылуына және кәсіпкерліктің дамуына мол мүмкіндік туғызады.

​Бұл Мемлекет басшысының Сыр өңіріне, соның ішінде Аралға деген көзқарасының ерекше екенін байқатады.

​Жалпы аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,4 шқ болса, оның 421,1 шқ яғни
53,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

​2025 жылға көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында барлығы 4,2 млрд. теңге қаржы бөлінді.

​Арал аудан болғалы талайдың арманы, көптің қалауына айналған темір жол өткелі күні кешеге дейін түйінді істердің біріне айналып келді. Қаншама жылдар өтсе де тоң боп қатқан түйінді жоба бүгінде қаламыздың шығысы мен батысын байланыстыратын басты жолға айналып отыр.

​Құны 2,8 млрд. теңгені құрайтын ірі жоба осы жылдың мамыр айында халық игілігіне пайдалануға берілді.

​«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм (10,59 шқ)»автомобиль жолы, Хан елді мекені маңындағы Сырдария өзені арқылы өтетін қалқымалы көпірді реконструкциялаутолық аяқталды.

​Жыл соңына дейін «Самара-Шымкент-Бекбауыл(1,2-22,4 шқ)», жолы пайдалануға беріледі.

​Сонымен бірге, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен жоба құны 506,5 млн.теңге болатын Жақсықылыш кентіндегі
3 көшенің (1,5 шқ), Қаратерең елді мекеніндегі 3 көшенің (1,53 шқ ) және Қосжар елді мекеніндегі 1 көшенің автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізіліп, асфальт жабындысы толықтай төселсе, Сексеуіл кентіндегі 5 көшенің (4,03 шқ) автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

​«Арал-Жалаңаш(39-52; 52-62 шқ)»бағытындағы жолға орташа жөндеу жұмыстары жүруде.

​«Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы арқылы өткен жылы бастау алған жоба құны 1,6млрд.теңге болатын Арал қаласы, Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына ағымдағы жылы
976,1 млн.теңге бөлінді.

​Сондай-ақ, 2024 жылы басталған(жоба құны 489,3 млн.теңге болатын) Арал қаласындағы 7 көшенің(К. Өтенов,М. Мәметова, Т.Бөріқұлақов, А.Төлегенұлы, М.Дулатов, К.Сәрсенбаев, Қ.Сәтбаев) автомобиль жолының құрылысына биыл 202,5 млн.теңге. бөлініп, тиісті жұмыстар жалғасуда.

​«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы қолға алынған Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің автомобиль жолының құрылыс жұмыстарына биыл бюджеттен
316,5 млн.теңге бөлінді.

​Бұл жобалардың барлығы 2026 жылға өтпелі.

БӨЛІСУ