Бүгін облыс әкімінің орынбасары Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлының төрағалығымен өңірдегі білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға облыстық білім басқармасы, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен барлық мектеп директорлары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы білім саласы – аймақ дамуының негізі екенін атап өтіп, барлық деңгейдегі білім ұйымдарына қойылған міндеттерді сапалы орындау қажеттігін баса айтты. Ол сонымен қатар оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысын саралап, мектептерде білім сапасы мен тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру бағытында бірқатар ұсыныстар беріп, орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Кеңес барысында қатысушылар педагог мәртебесінің қорғалуы, инклюзивті білім беру, және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін де көтерді. Әр аудан мен қала бойынша нақты жағдай талданып, алдағы кезеңге арналған іс-шаралар жоспары айқындалды.
Мәжілісте білім сапасын бақылаудың бірыңғай жүйесін енгізу, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және ұлттық білім беру жобаларының өңірде тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, педагогтерді ынталандыру мен тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту бағытындағы бастамалар қолдау тапты.
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Оқу-ағарту министрімен өткен мәжілістегі мәселелерге тоқталып, барлық білім беру ұйымдарының басшыларына нақты тапсырмалар беріп, нәтижелі жұмыс пен жүйелі бақылау қажеттігін атап өтті. Ол өңірдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін жеткізді.
©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
