МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ӨҢІРДЕГІ ЖҰМЫСТАРҒА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Бүгінгі таңда елімізде қарқынды дамып, айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүрген аймақтардың бірі – Сыр өңірі десек, артық айтқандық болмас. Тарихта өзіндік орны бар осындай Қызылорда мен Семей секілді өңірлердің дамуы елді қуантатын құбылыс. Қызылордалықтардың өзі де соңғы жылдардағы оң өзгерістерге ризашылықпен қарап, өңірдің жаңарып, жаңғырып келе жатқанын айтады.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Сыр еліне барды. Президент сапарын халықаралық стандарттарға сай салынған, тұрғындар көп мақтаған жаңа «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының терминалынан бастады.
Мұнда Мемлекет басшысына әуежайдың қызмет көрсету жүйесі, ішкі және халықаралық рейстерді қабылдау процесі, жолаушыларды тіркеу мен тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері және заманауи күту залдары таныстырылды. Сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі де көрсетілді.
Жаңа терминал былтыр қараша айында пайдалануға берілген болатын. Бұл жобаға 16,6 миллиард теңге жеке инвестиция тартылып, 4,3 миллиард теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін артып, Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air секілді компаниялардың аптасына 29 рейсін ұшырып- қондырып отыр. Бұл тек көлік инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға да елеулі серпін беріп отыр.
Сонымен қатар сапар барысында Президентке Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен елді мекендерді абаттандыру ісі жөнінде де баяндалды.
Негізі кез -келген өңір басшысының басты міндеті – өңірге инвестиция тарту арқылы экономикалық әлеуетті арттыру. Бұл бағытта Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмысы нәтижелі екенін сандар да дәлелдейді. Соңғы төрт жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқан. Ал биылдың өзінде 720 миллиард теңгеден астам қаржы тартамыз деп білек сыбанып отыр және соның 70 пайызы – жеке инвестиция болады дейді.
Мемлекеттің негізгі бағыты – экономиканы әртараптандыру екені белгілі. Бұл міндет барлық өңір басшыларының алдында тұр. Қызылорда облысы бұл бағытта белсенді әрекет етуде: алдағы үш жылда жалпы құны 2 триллион теңгеге жуық 90 инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Бұл өз кезегінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен. Тек биылдың өзінде 302,5 миллиард теңге болатын 27 жоба іске қосылады деп жоспарланған, олардың тоғызы қазірдің өзінде пайдалануға беріліпті.
Жалпы Нәлібаев жайлы өңір тұрғындары оң көзқараста. Соңғы жылдары аймақтағы өзгерістер халықтың көз алдында – жаңа жолдар, әлеуметтік нысандар, инвестициялық жобалар, абаттандырылған көшелер мен демалыс аймақтары пайда болды. Қызылорда күн сайын көркейіп, жаңа тыныспен өмір сүріп келеді. Тұрғындар әкімнің нақты істерге басымдық беріп, уәдесін орындайтынын айтып, ризашылықтарын білдіруде.

БӨЛІСУ