Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі милицияға жүктелді.
Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.
Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.
Қызылорда қаласының әкімдігі құтқарушылар күніне және азаматтық қорғау саласының 30 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өткізді.
Шара барысында төтенше жағдайлар саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі ерекше атап өтілді.
Қала әкімінің орынбасары А. Нұрмағанбетов құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың халық алдындағы жауапты қызметін жоғары бағалады:
«Құтқарушы болу – өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау – ең басты міндет болып табылады. Еңбектеріңіз жемісті, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын!» – деді ол өз сөзінде.
Салтанатты жиында қызметтік міндетін адал атқарып жүрген бірқатар құтқарушылар марапатталды.
Іс-шара барысында қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Р. Ерсұлтанұлы да әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, қызметтестерінің ерен еңбегіне ризашылығын білдірді.