Өткен аптада Сыр өңірінде ұлтымызға «Қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойы, дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекесі мен “Қала күні” жоғары деңгейде аталып өтті.
Жаңадан бой көтерген «Қайсар Арена» стадионында театрландырылған қойылым мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында өткен тақырыптық дрон шоуы мен мерекелік отшашу қала аспанын айрықша сәнге бөледі.
Бұл думанды мереке – Сыр елінің бірлігі мен берекесінің, мерейі мен мақтанышының айқын көрінісі!
Мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімінің және қала әкімінің қолдауы зор болды.
Сондай-ақ, мерекенің мазмұнын байытуға шығармашылық ұжымдар, режиссерлер, сценаристер, хореографтар, театр әртістері, оқу орындарының би, хор және қобызшылар ансамбльдері, өнер мектебінің өнерпаздары белсене қатысты.
Сахна сыртында еңбек еткен дыбыс және жарық қоюшылар, ерікті жастар, телеарна түсіру тобы мен техникалық қызметкерлер, ұйымдастыру комитеті мүшелері ауқымды іс-шараның табысты өтуіне өз үлесін қосты.
Қала күніне арналған мерекелік шаралар бір ай бойы қаламыздың әр аумағында түрлі форматта жалғасын тапты.
Мерейлі мерекеге үлес қосқан азаматтарға облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттары табыс етіліп, еңбектеріне ризашылық білдірілді.