Өткен аптада халқымыздың тарихи «қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойы мен Қала күні, Алтын күз мерекелері аясында өңірімізде ауқымды шаралар кең көлемде атап өтілді.
Бұдан бөлек, аймағымызда жаңа әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындары ашылды.
Айтулы шараларға Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының өнерпаздары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сенат және Парламент депутаттары қатысты.
Осы орайда, өңірімізге арнайы келген қонақтарымыз бен аймақ тұрғындарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлауға және іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан кәсіпкерлер мен азаматтардың еңбегі де ескерусіз қалмады.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Зебешев Ардақ Темірханұлы бірқатар азаматтар мен салалық басқарма қызметкерлерін қабылдап, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының шынайы алғысын, ризашылығын жеткізді және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.