Астана қаласында 15-16 қазан күндері ХІІ Республикалық Азаматтық форум өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен, соның ішінде Қызылорда облысынан облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңес төрағалары мен белсенді үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдерінен құралған делегация қатысты.
Форум аясында 2025 жылдың үздік деп танылған Үкіметтік емес ұйымдары мен белсенді азаматтарға арнайы сыйлықақылар табысталды. Бұл іс-шара азаматтық қоғамды дамыту және оның тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды оқиға болып саналады.
«Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ізден Анар Жарылқасынқызы «Азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу» бағытында сыйлықақыға ие болды. Сондай-ақ Анар Жарылқасынқызының бастамасымен құрылған «Умай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбилеу қайырымдылық үйі «Жастар саясаты балалар бастамаларын қолдау» бағыты бойынша сыйлықақы алды.
«Умай» қайырымдылық үйі Қызылорда облысындағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету саласының маңызды бөлігі болып табылады. Оның қызметі балалардың денсаулығын жақсартуға, психологиялық және әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді. Бұл мекеме өңірдегі қайырымдылық және әлеуметтік қызмет көрсету саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Сонымен қатар, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», белгілі меценат, «Жел-Кен-Вент» ЖШС-нің директоры Әбілдаев Мақсұт Әбдіғаппарұлы елімізде қайырымдылық пен ізгі істерді насихаттаудағы еңбегі үшін «Қайырымдылық саласындағы құрметті атақ» иегері атанды.
Бұл жетістіктер аймақтағы барлық ҮЕҰ өкілдерінің ортақ еңбегі мен табысы екенін айта кету қажет. Сондай-ақ, бұл азаматтық қоғамның дамуына деген қоғамның қолдауының артып, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі мен белсенділігінің күшейгенінің айқын көрінісі.
Қызылорда облысының белсенділері алдағы уақытта да осындай маңызды іс-шараларға қатысып, өңірдің қоғамдық өмірін дамытуға өз үлестерін қосатындарына сеніміміз мол.