2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы: Қызылордадағы «Orda Glass LTD» шыны зауыты оқушыларға өндіріс барысын таныстыруда.
2025 жылдың 19 наурызында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №744 Жарлығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама қоғамда еңбекқорлықты насихаттап, нағыз маман болып қалыптасуға шақырады.
Осы мақсатта өңірдегі оқушылар мен студенттерді ірі және орта кәсіпорындардың жұмысымен таныстыруға бағытталған экскурсиялар ұйымдастырылуда. Солардың бірі ретінде Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің оқушылары Қызылорда облысындағы стратегиялық маңызды кәсіпорын – «Orda Glass LTD» шыны зауытының жұмысымен танысты.
2022 жылы іске қосылған бұл зауыт жылына 197,1 мың тонна табақша шыны өндіріп, өңдейтін Қазақстандағы алғашқы шыны зауыты болып табылады. Жобаның жалпы құны – 42,1 млрд теңге, оның қаражаты шетелдік инвесторлардың жеке қаржысынан құрылды.
Зауыт іске қосылғаннан бері 43 млн шаршы метр өнім өндіріп, оның 70%-ы ішкі нарыққа, ал 30%-ы Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталды. Қазіргі таңда зауытта
322 маман еңбек етуде.
2023 жылғы маусым айында өңір басшысының Қытайға жасаған ресми сапары барысында зауыт ішінде 2024 жылы 6,7 млрд теңге немесе 15 млн АҚШ доллар құны бар энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі іске қосылды.
Инвестор алдағы уақытта 55 млн АҚШ доллары көлеміндегі екі кезеңді инвестициялық жобаны жүзеге асыруға дайындалып отыр. Бірінші кезеңде жылына 200 мың тонна қуатты кварц құмын өңдейтін цех, екінші кезеңде тәулігіне 500 тонна күн фотоэлектрлік шыны өндіретін желі салынады деп жоспарлануда.
Бұл шаралар өңір экономикасының дамуына және жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыруға жаңа серпін береді.