АУДАН ЖАСТАРЫ АУЫЛДА БАС ҚОСТЫ

Бүгін Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған “Ауылға барамын” атты жастар жобасы өтті.

Аталған шараның негізгі мақсаты – жастардың бойында еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, ата-баба дәстүрін насихаттау. Игі бастама аясында ауданның белсенді жастары ауыл тіршілігімен етене танысып, айран пісу, нан жабу, құрт жасау, қой сою сынды қазақ халқының көнеден келе жатқан тұрмыс-салт дәстүрлерін тәжірибе жүзінде орындады.

Шара барысында жастар ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрдің мән-маңызы туралы мағыналы әңгімелер өрбітіп, ауыл өмірінің тынысын сезінді.

«Ауылға барамын» жобасы жастарды ұлттық өркениетімізге жақындатып, ауыл мәдениетінің қадірін терең сезінуге мүмкіндік берді. Қатысушылар атадан балаға қалыптасып келе жатқан тұрмыс-салтты іс жүзінде үйреніп, еңбектің мәнін ұқты. Ауылдың күнделікті тіршілігін жасау арқылы олар бірлікті, жауапкершілікті сезінді. Бұл бастама ауыл өмірін дәріптеп, жас ұрпақтың отансүйгіш рухын күшейтетін тағылымды тәжірибеге айналды. Жоба жастарды еңбекке баулып, ауыл мен қала арасындағы рухани байланысты нығайтуға ықпал етті және ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашты десек болады. Бұл жоба жастардың еңбекке үлес қосуына зор септігін тигізді.
Жастармен жүздескен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ж.Еспенбет пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Ә.Басаров еркін форматта сұхбат өткізіп, жастардың ой-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ, белсенділік танытқан бірқатар жастарды аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің Алғыс хатымен марапаттады.

Ұлттық рух пен дәстүр сабақтастығын дәріптеген бұл шара жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, ұлттық болмысты сақтауға бағытталған маңызды бастама болды.

БӨЛІСУ