Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Шиелі кентіндегі теміржол вокзалы ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Тарихы 1904 жылдан бастау алатын Шиелі теміржол вокзалы – ауданның басты стратегиялық және әлеуметтік нысандарының бірі. Теміржол вокзалы соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Қазіргі таңда теміржол бекеті жолаушыларды қабылдау қабілеті бойынша тәулігіне 150-200 адамға дейін қызмет көрсетеді.
Өткен жылы аудан әкімдігі тарапынан вокзал маңында бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жолаушылар платформасына кіреберіс қақпа орнатылып, су мұнарасы жөнделді. Сонымен қатар, 8 жарық шам, 10 орындық пен 10 қоқыс жәшігі қойылған.
Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының мердігері – «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС, жобалаушы мекеме – «СК Ризалит» ЖШС, ал жобаға тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.
Аудан әкімі нысанды аралау барысында құрылыс сапасына, жұмыс барысына және белгіленген мерзімнің сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен бірге жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық талаптардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Вокзал ғимараты толық жаңғыртудан өткен соң, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалып, қызмет көрсету деңгейі едәуір жақсара түспек. Бұл – өңірдің инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.