«AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен, «Аққыр ауылдық округі» мен «Дарын» бастауыш партия ұйымдарының бірлесе өткізуімен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында «Киіз басу өнері – Ұлттық мұра» атты танымдық іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты — ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақты салт-дәстүрмен тәрбиелеу.
Шара аясында ауылдың ардақты әжелері мен келіндері бірігіп, киіз басу үдерісін көрсетті. Жүн сабау, илеу, ширату, ою салу және киізді басып шығару кезеңдері таныстырылып, бұл өнердің маңызы мен тәрбиелік мәні туралы кеңінен айтылды.
Сонымен қатар, ұлттық тағамдарға арналған бұрыш ұйымдастырылып, қазанжаппай, ірімшік, құрт, май, сарысу сияқты өнімдердің жасалу жолдары мен тарихы да қатысушылар назарына ұсынылды. Әжелер тағамның әрқайсысының қандай жағдайда, қандай ниетпен әзірленетінін айтып, ұмыт болған дәстүрлерді еске түсірді.
Шара соңында әжелерімізге және қолдау білдірген кісілерге партия филиалының төрағасы атынан алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.
Бұл тағылымды шара — бабалар аманатын кейінгі буынға жеткізу жолындағы маңызды қадам.
“AMANAT” партиясы ұлттық рухты ұлықтайтын осындай бастамаларды жалғастырып, ел арасында кеңінен насихаттай беретін болады.