Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 43 млрд 512 млн теңгеге 5 400 орындық 9 мектеп пайдалануға беріліп, қараша айында тағы 1 500 орындық мектеп ашылмақ. Сонымен қатар, 2 900 орынға арналған қосымша ғимараттар 9 мектепке салынып, бұл мақсатқа 5 млрд 700 млн теңге бағытталды.
Аталған жобалардың нәтижесінде өңірде үш ауысымда оқыту мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Бұған қоса, «Білімді қолдау қоры» арқылы құны 8 млрд 400 млн теңге болатын 1 710 орындық 7 мектеп және физика-математика бағытындағы заманауи «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне берілді. Бұл нысандар дарынды балалардың сапалы білім алуына жол ашты.
Арал ауданында да маңызды жобалар жүзеге асуда. «Білімді қолдау қоры» есебінен құны 2 млрд 333 млн теңге болатын 150 орындық жаңа мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа білім ордасы бой көтерді. Жалпы, бұл жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы апатты 5 мектептің мәселесі толық шешілді.