Астана қаласында өткен «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивті ойындарының республикалық кезеңіне Қызылорда облысынан 26 ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушы қатысып, олардың 24-і жүлделі орындарды иеленді. Бұл – біздің өңіріміз үшін зор жетістік!
Қатысушылар үстел теннисі, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, асық ату, шағын футбол, голбол және шоудаун сынды спорт түрлерінен сайысқа түсті. Әсіресе Бақтыбай Ұлжан, Қасымбекова Ақерке, Шамат Ертілеу мен Айдарбекұлы Бекарыс сияқты жас спортшыларымыз өз шеберліктерін көрсетіп, бірнеше І дәрежелі дипломды жеңіп алды.
Командалық ойындарда да қызылордалық өрендер ерекше көзге түсті. Шағын футбол мен голболдан №6 және №5 арнайы мектеп-интернаттарының оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Бұл жеңістер – оқушылардың күш-жігері мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Барша жеңімпаздарды және олардың ұстаздарын осы тамаша жетістіктерімен құттықтаймыз! Сіздер – өз табандылықтарыңызбен, батылдығыңызбен бізге үлкен шабыт сыйладыңыздар. Қызылорда облысы әрқашан сіздермен мақтанады!