АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Бүгін Сырдарияның сол жағалауында жаңадан ашылған «Syr Darya» коммуналдық базарының аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге Сыр диқандары мен жергілікті тауарөндірушілер 28 жүк автокөлігіне тиелген 60 тоннадан астам өнім әкелді. Қала тұрғындарына күріш, ет, балық және көкөніс пен жеміс-жидектер, бақша өнімдері, ас тұзы мен сүт өнімдері ұсынылды.

Сонымен қатар, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өңірлік тұрақтандыру қорынан алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да сатылды.

Жәрмеңкенің сол жағалауда ұйымдастырылу себебі – тұрғындарды жаңа форматтағы заманауи сауда орны – «Syr Darya» коммуналдық базарымен таныстыру. Бұл базар жергілікті өнімдерді делдалсыз тікелей нарыққа шығаруға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын сауда алаңының бірінші қабатында азық-түлік өнімдері, ал екінші қабатында киім-кешек бөлімдері жұмыс істейді. Қала тұрғындарының ыңғайы үшін әр сенбіде базарға қатынайтын қоғамдық көліктер тегін қатынауда.

БӨЛІСУ