Отбасы – ұлттық өнегенің де, тәрбиенің де негізгі бастауы. Шаңырақта алған тәлім-тәрбие жеке адамның мінез-құлқы мен болмысын айқындайды. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиесі адамға қадір-қасиет дарытып, тұлғалық келбетін қалыптастыратыны анық.
“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы – бірлігі жарасқан, берекесі ұйысқан отбасыларды дәріптеуді мақсат етеді. Биыл аталмыш байқау 11-ші рет ұйымдастырылып, айрықша тарихи мәнге ие болды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, отбасылық құндылықтың маңызы мен тәрбиелік тағылымы туралы орамды ойын жеткізді. Сондай-ақ республикалық кезеңге жолдама алған отбасыларды марапаттады.
Ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылынан Әбсадықовтар отбасы бас жүлдені иеленді. 3 ұл және 3 қыздан 29 немере 47 шөбере тәрбиелеп, шаңырағында шаттық шалқыған, ата-бабаның салтын сақтаған, ұрпаққа үлгі, елге өнеге бола білген нағыз ұлттық құндылықтың айнасына айналған — отбасы.
Бұл әулет көпшілікке еңбексүйгіштігімен, бірлігінің беріктігімен, өнегелі өмір салтымен үлгі болып келеді. Әбсадықовтар отбасында ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрді дәріптеуге, жас ұрпақты тәрбиелеуге айрықша мән беріледі.