«Ашық» университеті студенттерімен кездесу өтті. Қоғамның ең басты байлығы – дені сау ұрпақ. Осы ұстанымды негізге ала отырып, Қалалық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ашық» университетінің студенттеріне арналған «Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты танымдық шара өткізілді.
Іс-шараға Қызылорда облыстық жастар денсаулық орталығының мамандары – психолог, гинеколог, уролог дәрігерлері, сондай-ақ Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Айгерім Ерболат қатысты. Мамандар жастарға кеңес беріп, жеке қабылдау өткізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, денсаулықтың өмірдегі ең қымбат құндылық екенін түсіндіру және спортқа деген қызығушылықты арттыру болды.
Бағдарлама барысында студенттерге медициналық кеңестер ұсынылып, денсаулықты нығайтуға арналған шеберлік сағаттары, тренингтер және нейропрактика өткізілді. Жастар денсаулық орталығының мамандары психологиялық тұрғыда маңызды жаттығулар жасап, гинеколог дәрігер жас ұрпақтың денсаулығы мен отбасын жоспарлау тақырыбында мазмұнды презентация ұсынды.
Ал полиция майоры Айгерім Ерболат отбасыдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде бейнематериал көрсетіп, студенттерді маңызды ақпаратпен таныстырды.
Университет студенттері іс-шараға үлкен қызығушылық танытып, белсенділікпен қатысты.
«Дені сау ұрпақ – елдің ертеңі» деген ұранмен өткен бұл басқосу жастарды өз денсаулығына мән беруге, салауатты өмір салтын ұстануға және қоғамда белсенді болуға шақырды.