Жаңақорған ауданында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған жас азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Нұрбол Есеналиев, ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмутұлы, қордағы офицер Артур Андресян, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ұстаздар, ата-аналар мен жастар қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Бектас Балғабайұлы жас сарбаздарға сәттілік тілеп, Отан қорғау – әрбір азаматтың абыройлы парызы екенін ерекше атап өтті. Ол жастарға жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен елге адалдықты бірінші орынға қою қажеттігін айта отырып сарбаздарға арнайы сыйлықтар табыстап, олардың рухын көтеріп, ел атынан алғыс білдірді.
Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Нұрбол Әбдәшімұлы әскери қызметтің жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екенін айтып, сарбаздарды борышын абыроймен өтеуге шақырды.
Сондай-ақ, жас сарбаздардың ата-аналары атынан Бектібаева Жанна сөз сөйлеп, балаларына аналық ақ тілегін білдіріп, елге аман-есен оралуын тіледі.
Шара соңында ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмутұлы сарбаздарға ақ батасын беріп, Отан алдындағы қызметтеріне Алла жар болуын тіледі.