Биыл Қазалы ауданындағы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендері таза ауыз сумен қамтылып, аудан халқын ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайтын болады. Қазіргі таңда елді мекендердегі ауыз су құрылыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов аудан орталығынан шалғай орналасқан Сарбұлақ ауылына барып, ондағы жүргізіліп жатқан ауыз су құрылысы жұмыстарының сапасын бақылады. Сондай-ақ мердігер мекеме «Дәнекер КС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты өкіліне құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда елді мекенде тереңдігі 150 метр болатын 2 су ұңғымасы қазылып, 4,9 шақырымға су құбыры тартылды және 60 дана көру құдықтары қазылды. Мұндағы ауыз сумен қамту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ауыл халқы сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсаратын болады.
Айта кетейік, бұдан бөлек Шәкен ауылын ауыз сумен қамту құрылыс жұмыстарымен «Дәнекер КС» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі, Шитүбек елді мекеніндегі құрылыс жұмыстарымен «Ансар-сервис» ЖШС, ал Шилі елді мекеніндегі жұмыстарымен «Намыс – Құрылыс» ЖШС мекемесі айналысуда. Үш елді мекендегі де құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, сапалы ауыз суды пайдалануға беру жоспарланып отыр.