Тәуелсіздік көшесінің бойындағы «Тағзым» алаңында Семей полигонының жабылғанына 34 жыл толуына орай ардагерлерді еске алу шарасы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудан ардагерлері мен жастар қатысты.
29 тамыз — Қазақстан Республикасы, әлемдік қоғамдастық және жаһандық антиядролық қозғалыс үшін тарихи күн.
Бұл күні 1991 жылы Қазақ КСР Президенті Невададағы полигоннан кейін қуаты жөнінен әлемдегі екінші орында тұрған «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Семей ядролық сынақ полигоны — өзінің қиратушы күші бойынша әлемдегі төртінші ядролық әлеует – 1947 жылғы тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылды, ол кезде ол «№2 оқу полигоны» деген шартты атауға ие болды.
Бұл алаңдағы ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылдың 29 тамызында өткізілді.
Жалпы, Семей ядролық сынақ полигонының 40 жылдық қызметі нәтижесінде адамдардың денсаулығына келтірілген залал орасан зор. Бұрынғы Семей облысының барлық аумағы ядролық жарылыстар өнімдерімен ластануға ұшырады, ал 1,2 миллион адам әртүрлі доза ауқымында радиациялық сәуле алды.
Аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы күллі адамзат баласына зор қауіп төндірген полигон зардаптарын болдырмау бағытындағы қажырлы еңбек еткен ардагерлер қауымына алғысын білдірді.
Семей полигонының жабылғанына 34 жыл толуына орай монумент алдына гүл шоқтары қойылып, ядролық жарылыс салдарын жоюға қатысқан ардагерлерді бір сәттік үнсіздікпен еске алып, құран бағышталды.
Сондай ақ, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырысы бойынша Семей, Чернобыль ардагерлеріне арнайы қол сағаты тапсырылды.