№47 М.В.ЛОМОНОСОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ — СЫР ӨҢІРІНІҢ МАҚТАНЫШЫ

Сыр өңірінде өткен облыстық тамыз конференциясында білім саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа оқу жылына қойылатын негізгі міндеттер кеңінен талқыланып, маңызды ұсыныстар ортаға салынды.

«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы конференция барысында өңір ұстаздарының еңбегі еленіп, түрлі марапаттар табысталды.

Соның ішінде Шиелі ауданындағы мақтанышқа айналған №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицей «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына ие болып, аудан абыройын асқақтатты.

№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі – Шиелі ауданындағы білім беру саласының флагманы саналатын, терең білім мен тәрбиенің ордасы.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл білім ұясы – еліміз бойынша үздік инновациялық мектептердің қатарында. Мұнда жоғары санатты, тәжірибелі ұстаздар еңбек етсе, олардың жетекшілігімен дарынды оқушылар түрлі деңгейдегі білім сайыстарында оза шауып келеді.

Мектеп тек біліммен шектелмей, өнер мен спортты да қатар ұштастыра отырып, жан-жақты тұлға тәрбиелеуге бағытталған. Осы еңбектің нәтижесі ретінде «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына лайық деп танылып отыр.

БӨЛІСУ