ҰРПАҚҚА ҮЛГІ БОЛҒАН ҚОС АНА

Қызылорда қаласындағы “Анаға тағзым” ғимаратында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ұлттық дәстүрді жас ұрпақ бойына сіңіруді мақсат еткен “Ұршық үстіндегі ұлағат” атты әжелер мен немерелер арасындағы облыстық байқау өтті.

Шараға Қызылорда қаласы мен аудандардан 20 талапкер қатысып, өз өнерін ортаға салды. Солардың ішінде Сырдария ауданы атынан қос бірдей үміткер — Қоғалыкөл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, мәдениет саласының ардагері Досжанова Рахима немересімен бірге және “Ақдариға” халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі, Шіркейлі ауылының тұрғыны Есенхожаева Гүлжауһар Оразалықызы шөбересімен бірге қатысып, аудан абыройын асқақтатты.

Өнерімен көпшілікті тәнті еткен Досжанова Рахима анамыз байқаудың I- орынын жеңімпазы атанса, аудан мерейін өсірсе, ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттап жүрген Гүлжауһар анамыз ұйымдастырушылардың Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл тағылымды шара әжелердің өнерін дәріптеп қана қоймай, жас ұрпаққа салт-дәстүрді үлгі етіп көрсетудің, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың айқын көрінісі болды. Сырдариялық қос ару анамыздың еңбегі мен өнері — көпке өнеге, жас буынға тағылым болары анық.

БӨЛІСУ