Облыс әкімінің қолдауымен елді мекендерде қолайлы орта қалыптастыру, тазалық шараларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде.
Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен конкурс өткізуге 1,5 млрд.теңге бөлініп, «Үздік» атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды.
Биылғы жылы конкурс жалғасын тауып, 564 млн.теңгеге 19 техника табысталатын болады.
Жеңімпаздарды анықтауға арнайы құрылған облыстық тәуелсіз сарапшылық комиссиясының алғашқы отырысы өткізілді.
Конкурс «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі елді мекен» номинациялары бойынша өтуде.
Комиссия отырысында конкурсқа қатысушы елді мекендердің құжаттары қаралып, елді мекендерді аралау кестесі бекітілді.
Биылғы конкурсқа барлығы 39 елді мекен (1 қала, 7 кент және 31 ауыл) қатысуда.
Ертеңнен бастап комиссия конкурсқа қатысушы елді мекендерге арнайы барып, атқарылған жұмыстармен танысатын болады.
Нәтижесімен жүлделі орындарға жеңімпаздар анықталып, тиісті коммуналдық техникалар табысталатын болады.