СЫРБОЙЫЛЫҚ ДИҚАНДАРДЫҢ ТЫҢ ТӘЖІРИБИЕСІ

Су үнемдеудің жаңа қыры: сырбойылық дихандардың тың тәжірибесі.

Су тапшылығы – Сыр өңірі диқандары үшін жыл сайынғы ең өзекті мәселелердің бірі. Өңірдің экономикалық әлеуеті мен экологиялық тепе-теңдігі, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігі тікелей Сырдария өзенінің суына тәуелді екені белгілі.

Осы орайда өткен аптада Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және Түркістандық әріптестердің қолдауымен сырбойылық күрішшілерге арналған роуд-шоу ұйымдастырылды. Шара аясында қонақтар Отырар ауданындағы «Таймас» ЖШС-нің заманауи агротехнологияларды қолдану тәжірибесімен танысты.

Шаруашылықтың басты ерекшелігі – 500 гектар алқапқа күріш дақылын тамшылатып суару әдісімен егуі. Бұл тәсіл суды 60–70%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді әрі жабын астында егілгендіктен арам шөп те шықпайды. Биыл мұнда сұранысы жоғары «Лазер» сорты егіліп, мол өнім күтілуде. Бұдан бөлек, 2000 гектарға мақта да тамшылатып суару әдісімен егілген.

Жолсапар барысында қатысушылар агротехнологияның тиімділігі жайлы жан-жақты мәлімет алып қана қоймай, Түркістан қаласындағы «БНК Агро» ЖШС зауытында суару жүйесіне арналған қондырғылар мен жабдықтардың өндіріс барысымен де танысты. Сонымен қатар, сапар соңында делегация мүшелері «Арыстан Баб» кесенесіне зиярат жасап, тарихи-рухани құндылықтарға тағзым етті.

Бұл тәжірибе – сырбойылық дихандар үшін су тапшылығын еңсерудің тың жолын көрсетіп қана қоймай, болашақта ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін үмітті қадамға айналды.

БӨЛІСУ