Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен мәжілісте алдағы жылу беру маусымына дайындық, қатты отын қорын ертерек қалыптастыру және оны жеткізу мәселелері қаралды.
Мәжілісте көмір қоймаларында отын қорын осы бастан жасақтап, маусым басталғанға дейін жеткілікті көлемде жеткізу қажеттігі жүктелді.
«Көмір вагондары белгіленген кестеге сай тұрақты келіп тұруы тиіс. Аудан тұрғындарының күз, қыс мезгілінде көмірді қымбат бағамен сатып алмауы үшін қазірден қамдану қажет. Бүгіннен бастап көмір қорын жасақтап алған абзал. Сондықтан барлық жауапты тұлғалар мен кәсіпкерлерге көмір жеткізу жұмыстарын ертерек ұйымдастырып, қажетті шараларды шұғыл қолға алуды тапсырамын», – деді Ардақ Ибраимов.
Мәжіліс барысында әлеуметтік маңызы бар нысандарға, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қажетті отын қорын осы кезден бастап жеткізу жұмыстарына шұғыл кірісу қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар, отын қорын кәсіпкерлермен бірлесе отырып жеткізу, келісімшарттар арқылы оны уақытылы тасымалдау мәселелері қаралды. Бұл бағытта бірқатар міндеттер жүктеліп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.