АУДАН БАСШЫСЫ ТОҚАБАЙДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Тоқабай ауылында аймақ басшысының қолдауымен демеушілік есебінен салынып жатқан жаңа мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндағы жұмыстармен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті елге жасаған сапарында танысты.

Мектеп ғимаратының алғашқы блогы жыл басында пайдалануға беріліп, ауыл балалары білім алып келді. Қазіргі таңда мектептің қосымша екі бөлігінің құрылыс жұмастары жүріп, негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Спорт залы және асхана бөлігі қамтылған ғимаратта бүгінде ішкі электр желілерін жалғау, айналасын ретке келтіріп, әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі ауыл балаларының ыстық ұясына айналған жаңа білім ошағын алдағы уақытта күтіп ұстап, жүргізіліп жатқан әрбір жұмыстың сапалы болуына баса назар аудару керектігін жеткізді.

Сосын ауыл сыртында жүргізіліп жатқан су айдау бекетінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда ауданға қарасты Ақбасты елді мекені толықтай орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды. Тоқабай, Абай елді мекеніне ауыз су жеткізуді мерзімінде аяқтауға күш салынуда. Жобаны жауапкершілігіне алған бас мердігер «Сапа құрылыс 2007» ЖШС қазіргі таңда осы жұмысьтармен қатар Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне де ауыз су желісін тарту жұмыстарын жүргізуде.
Осы бастамалардың нәтижесінде ауданды таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95,9 пайызға жетеді.

БӨЛІСУ