Қала әкімдігі жанындағы жұмыс тобы кейбір сауда орындарындағы ретсіз сауданы жою мақсатында рейд жұмыстарын тұрақты жүргізуде.
Кезекті тексеру жұмыстары «Жаңа базар» сауда орнының аумағында жалғасып, сала мамандары заңсыз сауда қатарының артқанына байланысты кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кету керек, жол бойында көше саудасына жол берілмейді. Мұндай орындар тауар сатуға арналмаған. Санитарлық тазалық сақталмайды, жаяу жүргіншілер мен көлікке кедергі жасайды.
Осыған байланысты жұмысшы топ жол бойында сауда жасайтын кәсіпкерлерге сауда-саттықты арнайы белгіленген жерлерде жүргізуі керек екендігін түсіндірді. Оларға қауіпсіз, заңды ортада жұмыс істеу қажеттігі ескертілді.