ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ – ЕРТЕҢГІ ТАБЫСТЫ БОЛАШАҚТЫҢ НЕГІЗІ

Жұмысшы мамандықтарының маңызы күннен-күнге артып келеді. Қазіргі таңда қоғамға түрлі салада кәсіби шеберлігі жоғары, тәжірибелі кадрлар қажет. Осы сұранысты өтеу жолында еңбек етіп келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі – Мұрат Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі.

Жарты ғасырлық тарихы бар бұл колледж еңбек нарығына қажетті 7 мамандық, 9 біліктілік бойынша болашақ мамандарды дайындап келеді. Білім алушылар аспаз, кондитер, техник-механик, телекоммуникация жөндеуші, тігінші, модельер, сатушы, жол-құрылыс машинисі сияқты кәсіптерді игеріп шығады.

Колледж тек теориялық біліммен ғана шектелмей, тәжірибелік машықтарды меңгертуде де үлкен қадам жасап отыр. Соңғы жылдары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталуда.

«Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша жаңа үлгідегі жабдықтармен жабдықталды. Сондай-ақ, әріптес кәсіпорын «Best – Service LTD» ЖШС демеушілігімен абаттандыру жұмыстары және «Аспаз» зертханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Жол құрылыс машиналарын техникалық пайдалану» мамандығы бойынша «Автокран» автокөлігі алынды және «Радиотехника және байланыс» және «Телекоммуникациялық құралдар мен тұрмыстық техникаларды жөндеу және қызмет көрсету (салалар бойынша)» зертханасы жаңа құрылғылармен толықты.

Оқу орында 17 теориялық оқу кабинеті жұмыс жасайды.
Бүгінде колледж жанынан жылыжай салынуда. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, колледж «Жылыжай шаруашылығы» мамандығы бойынша лицензия алып, студенттерді тағы бір тың бағытта оқытуға мүмкіндік алады.
Колледж студенттері «WorldSkills» кәсіби шеберлік чемпионатына жыл сайын қатысып, жоғары нәтиже көрсетуде. Биылғы жарыста бірнеше білім алушы жеңіс тұғырынан көрінді.

Тарихы 60 жылға жуық колледжден түлеп ұшқан түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр. Олар – қоғамның тірегі, ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдары.

БӨЛІСУ